2022 жылы әлемді дүр сілкіндірген оқиғаларды 22 фотомен көрсетеміз

Қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйылтылған газдың қымбаттағанына наразы жұрт митингіге шығып, оларды Қазақстанның басқа аймақтары да қолдады. Бейбіт басталған наразылықтың аяғы тәртіпсіздікке ұласып, мемлекеттік және мекеменшік дүние-мүлік бүлініп, жойылды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев полиция мен әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық беріп, елге ҰҚШҰ әскерін кіргізді. Алматы қаласы әкімдігі, 5 қаңтардағы сурет.

Жұмыссыз, тамаққа зәру Ноорудин отбасын асырау үшін бір бүйрегін сатуға мәжбүр болды. Ауғанстандағы билікке "Талибан" келгелі халықтың жағдайы нашарлап, ішерге ас табу қиындады. 4 ақпандағы сурет. 
 

Жылдың басында әлем елдерінде коронавирус шектеуіне қарсы наразылықтар болды. Мәселен, Канадада жұрт екпені міндеттеген үкімет шешіміне қарсы наразылыққа шықты. Онторио, 17 ақпан 2022 жыл

24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы соғыс ашты. Әу баста Кремль "блицкриг соғыс" жүргізіп Киевті басып алмақ болғанымен, онысынан еш нәтиже шықпады. Кейін Ресей әскері Киев маңындағы қалалардағы бейбіт халықты өлтіріп кеткені жайлы ақпарат пен айғақ деректер тарады. Мысалы, Буча қаласында жүздеген бейбіт тұрғынның мәйіті табылды. 6 сәуірдегі фото

Жыл бойы Израиль мен Палестина арасында оқтын-оқтын қақтығыс болып тұрды. Сондай қақтығыстардың бірінде Al Jazeera телеарнасы журналисі палестиналық Ширин Абу Акле қаза тапты. Ол Израиль полицейлердің рейді кезінде оққа ұшқан. 13 мамырда түсірілген мына суретте журналистің жерлеу рәсімінде полиция мен палестиналықтардың қақтығысып қалғанын байқауға болады.

Ауғанстанда билікте отырған, шариғат заңын қолдайтын "Талибан" қозғалысы әйел тележүргізушілерге эфирге бет-жүзін бүркеп шығуды міндеттеді.  22 мамыр

Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэ 8 шілдеде жасалған қастандықтан соң ауруханада көз жұмды. Ол Жапонияның батысындағы Нара қаласында жұрт алдында сөйлеп тұрғанда оққа ұшқан.

Шри-Ланка президенті Готабая Раджапакса елді экономикалық дағдарыс жайлап, жаппай наразылық ушыққан тұста әйелімен бірге шетелге қашып кетті. 13 шілдеде түсірілген сурет

Иранда әйелдер 1979 жылдан бері алғаш рет футбол матчын стадионнан көруге мүмкіндік алды. 25 тамыз

Ресей президенті Владимир Путин Совет одағының тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачевтің табытының жанында бас иіп тұр. 91 жастағы Горбачев тамыздың аяғында ауырып қайтыс болды. 1 қыркүйектегі сурет

8 қыркүйекте Ұлыбритания патшайымы Елизавета II 96 жасында дүниеден өтті. Ұлыбританияда патшайымды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі бірнеше күнге созылды

Биыл Африканы құрғақшылық қысты. 22 қыркүйекте түсірілген суретте Кениядағы ұлттық табиғи паркте жатқан пілдің өлексесі бейнеленген

Индонезияның Маланг қаласында футбол матчынан кейін жанкүйерлер арасында жанжал шығып, полиция оларды тарату үшін жас ағызатын газ шашты. Осыдан соң алаңдағы аласапыран кезінде көп жанкүйер аяқ астында қалып, 100-ден аса адам қаза тапты. 2 қазан

Биыл да мигранттар теңіз арқылы Еуропаға келмек болып, жүздеген адам діттеген жеріне жете алмады. 6 қазанда түсіріліген фотода Грекияның Китира аралы маңында жағаға ұрған теңіз толқынында қалқып жүрген мигранттар мәйіттері көзге шалынады.

17 қазанда Ресейдің Ейск қаласында Су-34 әскери ұшағы 9 қабатты тұрғын үйге құлап, 15 адам қаза тапты.

Иранда қыркүйектің аяғында әдеп полициясының қолына түскен 22 жастағы Махса Аминидің қазасынан кейін билікке қарсы жаппай наразылық бұрқ етті. Полиция Аминиді хиджабты дұрыс кимедің деген желеумен алып кетіп, кейін ол ауруханада қайтыс болған. Халық полиция Аминиді ұрып-соққан деп күдіктенеді. Наразылық әлі жалғасып жатыр. Ирандықтар биліктің хиджаб талабына, түрлі шектеуіне қарсы. Қыркүйектен бері наразылық кезінде жүздеген адам қаза тауып, 15 мың адам ұсталғаны және наразылыққа шыққан халыққа полицияның күш қолданып, ұрып-соққаны жайлы ақпарат тарады.

30 қазанда Оңтүстік Корея астанасы Сеулде Хеллоуинді тойлау кезінде тар жерге шамадан көп жиналған жұрт алға кимелеп, бір-бірін итеріп, таптап, салдарынан 151 адам опат болып, жүздеген адам жараланды. Қазаға ұшырағандар арасында Сеулде оқып жүрген 26 жастағы ақтөбелік қыз да бар.

Қарашада Ресей әскері Украинаның Херсон қаласынан кетуге мәжбүр болды. Осылайша Украина Ресей бақылауында болған ірі қаласының бірін қайтарып алды. 

Қарашаның аяғында Қытайда коронавирус шектеуіне наразы халық қарсылық митингісіне шықты. Халық "Си Цзиньпин, кет!", "Компартия тарасын!", "Бостандық я өлім бер!", "Карантин емес, бостандық керек!" "ПТР тест пен денсаулық кодын жойыңдар!", "Карантинді алып таста!" деп ұрандады. Наразылар алаңға ақ қағаз ұстап шықты. Халықтың қарсылығынан соң Қытай билігі карантин талаптарын жеңілдетті.

10 қарашада түсірілген суретте Украинаның Мариуполь қаласындағы қираған көліктер мен ғимарат көзге түседі.

Ақпанда Ресей күштері Украинаға басып кіргенде алдымен Мариуполь қаласын қоршауға алған. Бірнеше ай бойы Мариуполь блокадада болып, ақырында Ресей әскері бұл қаланы басып алған. Қаладағы ғимараттардың 70 пайызы толық қирап, бес мыңдай бейбіт тұрғын қаза тапқан деген дерек бар.

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын (оң жақта) қызымен бірге құрлықаралық баллистикалық ракетаның жанында жүр. Биыл Пхеньян алысқа ұшатын ракеталарын бірнеше рет сынақтан өткізді.

Футболдан Аргентина құрамасы Катарда өткен әлем чемпионатында жеңіске жетті. Бұл ел осыған дейін 1986 жылы әлем кубогы жеңіп алған еді. 18 желтоқсан

Ресейдің Украинаға ашқан соғысы, Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ірі қанды қырғын, әлемдегі түрлі табиғи апат пен аштық. Ауғанстандағы "Талибан" билігінің әйелдерге салған тыйымы мен Ирандағы хиджаб дауы түрткі болған жаппай наразылық. 2022 жылы әлемде болған оқиғалар жайлы фотобаян