Сеулдегі Хэллоуин кезінде Ақтөбе облысында туған 1996 жылғы Қазақстан азаматы да қаза болған. Бұл жөнінде Қазақстан сыртқы істер министрлігі Телеграм-арнасында хабарлады.
"Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста, құжаттарды рәсімдеу мен мәйітті Қазақстанға жеткізу бойынша қажетті көмек көрсетіп жатыр" деп жазылған хабарламада.
Қазақстан СІМ-іне ақпаратты Сеул полициясының жедел штабы хабарлаған. Бұған дейін оқиғадан қаза болған 151 адамның 19-ы шетелдік екені хабарланған еді.
Қайғылы оқиға 29 қазанда Сеулдің Итхэвон ауданында болған. Ақтөбе облысының 26 жастағы тумасы, әйел адам Кореяның жоғарғы оқу орындарының бірінде оқыған.
Хэллоуинді тойлау Гамильтон қонақ үйі маңындағы тар көшелердің бірінде болған. Адамдардың сығылысып, бір-бірін таптап кетуіне не түрткі болғаны белгісіз.
Ауданға шамамен 100 мың адам жиналған деп айтылады. Басым бөлігі 20-25-тегі жастар.
Сеул өрт сөндіру бөлімінің бастығы қаза болғандар артуы мүмкін, жараланғандардың кейбірінің жағдайы мүшкіл екенін айтты.
30 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.