Тоқаев қарулы күштердегі қолбасшыларды ауыстырды

Қазақстан қарулы күштері әскери техникасы. Көрнекі сурет.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қарашада қарулы күштердегі құрлық әскерінің бас қолбасшысы Асан Жүсіпов пен "Оңтүстік" өңірлік әскерінің қолбасшысы Қуанышбек Үштаевты қызметінен босатты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Жүсіпов бұл қызметке 2023 жылы қыркүйекте тағайындалған еді. Оның орнына Мереке Көшекбаев келді. Ол былтырғы қарашадан бері бас штаб бастығы, құрлық әскері бас қолбасшысының бірінші орынбасары болған. Көшекбаев әр жылдары бірнеше әскери бөлімнің командирі, десант-шабуыл және "Оңтүстік" өңірлік әскерінің қолбасшысы қызметін атқарған.

Тоқаев Қуанышбек Үштаевтың орнына Ержан Ыбыраевты "Оңтүстік" өңірлік әскерінің қолбасшысы етіп тағайындады. Ол былтырдан бері "Астана" өңірлік әскерінің қолбасшысы болатын. Ыбыраев оның алдында "Оңтүстік", "Батыс" әскері қолбасшысының бірінші орынбасары қызметінде істеген.

Өткен аптада Ресей күштері Украинаның Днепр қаласын зымыранмен шабуылдағаннан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен жергілікті әкімдік басшыларына қауіпсіздік шараларын нығайтуды тапсырған.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрге, президент әкімшілігінің басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды", – деп хабарлаған Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-парақшасында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Днепрді жаңа зымыранмен атты, Қазақстан қауіпсіздік шараларын "шұғыл" күшейтпек