Өскеменде экобелсенділер кәсіпорындар инвесторларын жауапқа тартуды талап етті

Өскеменде он шақты адам экология мәселесі бойынша митинг өткізіп тұр. 24 қараша, 2024 жыл.

24 қараша, жексенбі күні Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында он шақты экобелсенді жиналып, "ауаны ластаушы" ірі кәсіпорындар инвесторларын жауапқа тартуды талап етті. Ол инвесторлардың заңсыз әрекетіне құзырлы органдар көз жұма қарап отыр деді белсенділер.

Жиынға қатысушылар "кәсіпорындар инвесторларын жауапқа тартуға", "құзырлы органдарды қатаң бақылау жүргізуге" шақырған плакаттар ұстап тұрды.

Белсенді Әділ Юсупов бұған дейін облыстық экология департаменті басшыларының "пара алды" деген күдікпен ұсталғанын алға тартып, ірі кәсіпорындарға ашық тексеру жүргізуді талап етті. Былтыр Шығыс Қазақстан облыстық экология департаментінің басшысы мен орынбасары қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған.

– Бізде ауада газ мөлшері әрдайым асып тұрады. Желсіз тымық күндері Өскемен халқы тұншығады. Көбіне балалар ауырады. Тамағы күйіп қалады. Әр адамның үйі дәріхана іспетті: шкафтың бір бөлігі дәріге сықиып тұрады. Тамақ ауырғанда ішуге, ауыз бен мұрын шаюға арналған дәрілер көп, – деді бейбіт жиында сөйлеген Юсупов.

Белсенділер кәсіпорындардан ауаға тараған зиян газдарды онлайн бақылауға мүмкіндік беретін құрылғы орнатуды да сұрады.

– Атмосфераға шығарған қалдықтар кесірінен қала үнемі лас болып тұрады. Ересектердің де, балалардың да ыстығы жиі көтеріледі, бұл денсаулыққа зиян. Болашағымызға алаңдаймыз. Сондықтан ауаға тараған зиян газдар жөнінде онлайн режимде секунд сайын ақпарат беріп тұруды талап етеміз. Кәсіпорындар жаңа сүзгі орнатуын және ауық-ауық ауыстырып тұруын талап етеміз. Олар әрдайым ақшасын санайды. Біз де денсаулығымызға құртып жатқан ақшамызды санауымыз керек, – деді митингіні ұйымдастырушы Наталья Мешкова.

Ол алаңға экология жағдайына жауапты мекемелердің өкілдері келіп, сұрақтарына жауап берсе деген тілегін айтты. Жиында Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілдері болды. Олар іс-шараның заң аясында өтуін қадағалаймыз, ал экология бойынша жауап беруге құзыретіміз жоқ деді.

Жиынға қатысушылардың бірі Күршім ауданында кен барлаушы шетел компаниялары табиғатты бүлдіріп жатыр деді. Осы мезетте ішкі саясат бөлімінің өкілдері "тақырыптан ауытқымауға" шақырды. Олардың сөзінше, митингіге берілген өтініште ауаны ластаушы кәсіпорындар төңірегінде сөз болатыны жазылған. Екі сағатқа созылған митингіден соң жиналғандар тарады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Маралды халқы алтын өндірісіне неге қарсы?

Кейінгі жылдары Шығыс Қазақстан облысында жер қойнауын барлаушыларға да наразылық күшейген. Самар, Тарбағатай және Күршім аудандарында тау-кен компаниялары табиғатты бүлдіреді деп санайтындар бар. Ал кәсіпорындар мен жергілікті атқарушы билік жұмыстар заң аясында жүргізіліп жатыр дегенді алға тартады.

Өскеменде үш ірі металлургиялық кәсіпорын бар. Шығыс Қазақстан облыстық экология департаментінің ақпараты бойынша, жыл сайын Өскеменде 160 мың тоннадай зиянды қалдық ауаға тараса, соның шамамен 40 мың тоннаға жуығы осы зауыттарға тиесілі. Олардан бөлек жылу электр орталығы, ұсақ кәсіпорындар, от жағатын үйлер және автокөліктер атмосфераны ластайтыны айтылады.

Экологтар қалада жел соқпаған күндерді "қолайсыз метерологиялық жағдай" деп атайды. Бір жылда шамамен 100 күн желсіз тымық болып, ауа тазармайды. Мұндайда мемлекеттік мекемелер халыққа ашық аспан астында көп жүрмеңіз, үйдің терезелерін жабық ұстаңыз деп кеңес береді. Экология департаменті биыл қолайсыз метеожағдай кезінде ауаға бөлінетін заттарды бақылау үшін кәсіпорындармен меморандум жасасқанын хабарлады. Экологтар жағдай жақсаруы үшін кәсіпорындарға тәуелсіз тексеру жүргізу керек деп есептейді.

Your browser doesn’t support HTML5

"Қызу көтеріледі, түшкіріп, жөтеліп жүреміз". Газ бен түтінге тұншыққан Өскемен