Наурыздың 23-і күні Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік қызметі «елде ахуалды тұрақсыздандырып, одан әрі билікті басып алуды көздеген бір топ азаматтың аудио жазбасы – тұпнұсқа» деп мәлімдеді.
Your browser doesn’t support HTML5
Наурыздың 21-22-сі күндері интернетте үш-төрт ер адамның (болжам бойынша, оппозиция белсенділерінің) өзара әңгімесі жазылған екі аудио пайда болған.
Саясаткерлер Азимбек Бекназаров, Равшан Жээнбеков, Бектұр Асанов пен Кубанычбек Кадыровтардың өзара әңгімесі делінген 20 минуттық алғашқы аудиода «22 наурызда Ақсыда, 24 наурызда Ошта өтетін құрылтай жайы, ондағы билікті кетірудің амалдары» сөз болады. Жиынды Азимбек Бекназаровтың дауысына ұқсас адам басқарып отырғаны байқалады. Бұл туралы Азимбек Бекназаровтың өзінен комментарий ала алмадық.
Ал 11 минуттан сәл асатын екінші аудиода наурыз айында «жер-жерлерде наразылық акцияларын ұйымдастырып, ақша жұмсап, билікті күшпен басып алу» туралы айтылған. Бұл ұлттық оппозициялық партия мүшелері Бектұр Асанов, Кубанычбек Кадыров және 2010 жылы сәуірде Таластағы нааразылык акциялардын ұйымдастырушылардың бірі, «сәуір батыры» атанған Дулат Турдуналиевтың дауыстары делінген.
Азаттықтың Қырғыз қызметіне түсініктеме берген Бектұр Асанов үшеуінің шынымен кездескенін, бірақ билікті күшпен басып алу туралы сөз болмағанын айтады.
– Біз үшеуіміз отырып сөйлескенбіз. Бірақ ешқашан билікті басып аламыз деген емеспіз. Барлығы заңның шеңберінде болады, наразылық акциялары арқылы ғана барамыз дегенбіз. Басып алу туралы сөз болған емес. Бұл біздің сөздерімізді монтаждап, бізді жаманатты қылып, қаралау үшін жасалуы мүмкін. Біз заңды бұзбаймыз дегенбіз. Мұны Дулатқа да айтқанбыз. Билікті тыныш жолмен кетіруге заң мүмкіндік береді. Біз елдің әр аймақтарында саяси акциялар ұйымдастырамыз, – деді Бектур Асанов.
Ал Кубанычбек Кадыров бұл жазбаны «фальсификация» деп атайды.
– Біз – саясаткерлерміз. Бәрімен күнделікті жолығып тұрамыз. Бұл – бір. Екіншіден мұның барлығы – фальсификация. Үшіншіден, олар қандай, қашан жазба болғанын, осылайша жазып алуға заңдық құқықтары болғанын дәлелдесін. Бұлар менің конституциялық құқығымды бұзып жатыр. Негізі жазатын болса, соттың санкциясымен жазу керек, – дейді Кубанычбек Кадыров.
Аудиодағы әңгімеге араласты деген Дулат Турдуналиев осы айдың басында Таласта президент Алмазбек Атамбаевқа бейне жолдау жолдаған. Ол «ондаған адамның қаныменен келген Атамбаевтың билігі елдің үмітін ақтаған жоқ, коррупционерлер билікке толып алды» деп, «мұның соңы жақсылықпен бітпесін» ескерткен.
Қазір интернетке жарияланған шулы аудиоларды ішкі істер министрлігінің арнайы қызметі тексеріп жатыр. Министрліктің баспасөз хатшысы Бақыт Сейітов заң бұзылғаны анықталса, міндетті түрде шара қолданылатынын айтты.
– Ұлттық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік комитет пенен бірлесіп тиісті шараларды қолға алып, егер олардың әрекеттерінде заңның шегінен шыққаны анықталса, оған құқықтық баға беру үшін сараптама жасалады. Соңғы кездері мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндірген осындай аудио-видеоларға сараптама жүргізіп, осы бағытта біздің қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. Егер онда заң бұзу анықталса, онда сөзсіз шара қолданылады, – дейді хатшысы Бакыт Сейитов.
Бүгін қырғыз оппозициясы 24 наурызда елдің оңтүстігіндегі Ош қаласында билікке қарсы шара өткізуден бас тартқандарын хабарлады. Олардың айтуынша, «мұндай шешім қабылдауға қырғыз-өзбек шекарасындағы шиеленісті жағдай әсер еткен».
Қырғыстанда бұған дейін де мемлекет басшылары, белгілі саясаткерлер, оппозция өкілдерінің сөздері жазылған таспалар жарияланған. Оларда да кадр мәселелері, ірі сомадағы ақша, билікті басып алу мәселесі айтылған. Бірақ оларды кім, қашан және қалай жазғаны жайлы нақты ақпарат жоқ.