Ақтөбедегі гарнизонда бір сарбаз қаза болды деп хабарлады гарнизонның баспасөз қызметіне сүйенген Informburo сайты.
"23 қарашада Ақтөбе гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде әскери қызметкер өзіне бекітілген қарудан оқ атып, суицид жасады. Себебі мен жай-жапсары анықталып жатыр. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды" деп жазылған хабарламада.
Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім мен суицид жиілеп барады. Бұған дейін қорғаныс министрлігі кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза болды деп мәлімдеген.
Марқұмдардың туыстары да, қоғам да негізінен әскер мен оның басшыларына кінә артады. Қатардағы жауынгерлердің қазасына әлімжеттік те себеп екені жиі айтылады. Ал ресми ақпаратқа сәйкес, олардың өліміне көп жағдайда ауру, жол апаты мен суицид себеп болған.
Қыркүйекте әскерде өлім-жітімнің жиілегені жайлы сұраққа жауап берген қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазықбаев "әскердегі өлімнің көп жағдайда әскери қызметке қатысы жоқ" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, қарулы күштер саласында кейінгі үш жылда әлімжеттікпен байланысты қылмыстар саны 28 пайызға азайған: 2021 жылы 32 жағдай тіркелсе, 2023 жылы 23 болған. Биыл 13 факт тіркелген.
Биыл әскердегі сарбаз өлімі жиілеген тұста ePetition.kz порталында міндетті әскери қызметті алып тастау туралы петиция жарияланған. Қазақстанның қорғаныс министрлігі "бұл бастаманы елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру" деп атап, "елдің қорғаныс мәселесі петицияға негіз бола алмайды" деп мәлімдеген.