Accessibility links

Байденмен кездесіп, Конгрессте сөз сөйледі. Зеленскийдің АҚШ-қа сапары қалай өтіп жатыр?


Украина президенті Владимир Зеленский Конгресстегі Өкілдер палатасының мінберінде. Вашингтон, 21 желтоқсан 2022 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский Конгресстегі Өкілдер палатасының мінберінде. Вашингтон, 21 желтоқсан 2022 жыл.

Сәрсенбі, 21 желтоқсан күні Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа барды. Бұл– Зеленскийдің соғыс басталғалы шетелге алғаш шығуы. Ол АҚШ президенті Джо Байденмен кездесіп, Конгресс алдында сөз сөйледі. Сапар қарсаңында Ақ үй Украинаға қосымша 1,85 млрд доллар бөлетінін мәлімдеді, Конгресс осы аптада Украинаға 45 млрд доллар көлемінде қосымша көмек беруді қамтитын құжатқа дауыс бермек.

АҚ ҮЙДЕГІ КЕЗДЕСУ

Президенттердің кездесуі Ақ үйде өтті. Джо Байден Владимир Зеленскийді президент резиденциясына кіреберісте жылы қарсы алып, кездесу басында Америка халқы Украинаны "мақтанышпен" қолдайды және оның "әділетті әлемге" ұмтылысын қуаттайды деді. АҚШ президенті Ресейдің Украинадағы инфрақұрылымдарды атқылауын айыптап, Мәскеу қақаған аязды "қару ретінде пайдалануға тырысып жатыр" дем мәлімдеді. Украин халқы әлемді "рухтандырып жатыр" деген пікірін де жеткізді.

АҚШ президенті Джо Байден Украина президенті Владимир Зеленскийді Ақ үйде қарсы алып тұр. Вашингтон, 21 желтоқсан 2022 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден Украина президенті Владимир Зеленскийді Ақ үйде қарсы алып тұр. Вашингтон, 21 желтоқсан 2022 жыл.

Зеленский АҚШ президенті, Конгресс және америкалықтарға Украинаға көмегі үшін алғыс білдірді.

Келіссөз екі сағатқа ұласып, артынан екі ел басшысы баспасөз жиынын өткізді. Байден Украинаға қосымша көмек ретінде 1,85 млрд доллар бөлетінін мәлімдеді. Бұл көмектің ішінде Patriot әуеден қорғану жүйесі де бар.

Сондай-ақ Ақ үй иесі украин халқы Ресей басқыншылығына төтеп беріп келеді және АҚШ украин халқының бостандық үшін күресін қолдай береді деп мәлімдеді. Байден осы тұста АҚШ-тың Ресейге салған санкциялары мен Украинаға әскери техника мен қару-жарақ жеткізгенін және қаржылай қолдағанын да атап өтті. Украинаны қолдау арқылы АҚШ пен одақтастары азаттық, демократия және халықаралық құқықтың негізгі принциптеріне дем береді деді.

АҚШ президенті Джо Байден және Украина президенті Владимир Зеленский.
АҚШ президенті Джо Байден және Украина президенті Владимир Зеленский.

Зеленский баспасөз жиыны кезінде кездесуді "тарихи сәт" деп атап, басталғанына 300 күн болған соғыста АҚШ Украинаның нағыз әріптесі әрі одақтасы екенін дәлелдеді деді. Ол сондай-ақ Украинаның территориялық тұтастық және соғыс шығынын өтеу мәселесіне келгенде ешқандай шартқа көнбейтінін мәлімдеді.

"Путинге не айтқыңыз келеді?" деген сұраққа Зеленский "қазір әлемге не айтқысы келетінін Путиннің өзі ойлануы тиіс, ол өзін өркениетті адамдар қатарынан шығарып тастады" деді.

Байден болса, Patriot жүйесінің тек қорғану үшін беріліп жатқанын, жағдайды ушықтыруды көздемейтінін мәлімдеді.

"Оларды мүлдем пайдаланбаған да дұрыс болар еді, тек шабуылды тоқтату үшін ғана" деді ол.

Зеленский Patriot жүйелерін жаңа көмек топтамасының ішіндегі ең елеулісі деп атап өтіп, Киевке "жақсы жаңалықпен" баратын болдым деді. Оның сөзінше, бұл жүйелер Украина әуе кеңістігін қорғауда үлкен қадам болмақ.

Дәл қазір Ресей күштері Украина қалаларының, оны ішінде инфрақұрылым нысандарын зымыран және дрон көмегімен атқылап жатыр. Украина АҚШ-тың бұл қаруын осы инфрақұрылым нысандарын қорғау үшін қажет етіп отыр.

Алайда Patriot жүйелері бірден жіберілмейді. АҚШ әскері алдымен Украина күштеріне бұл жүйені қолдануды үйретуі тиіс.

Зеленский кездесуге әдеттегідей әскери үлгіде жасыл киіммен келді.

КОНГРЕССТЕ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

Конгресстің жалпы отырысында сөз сөйлеген Зеленский АҚШ заң шығарушыларын және америкалықтарды Украинаны Ресейдің басқыншылық соғысына қарсы күресінде қолдауды жалғастыра беруге шақырды. Бұл соғыста Украинаның жеңісінен басқасының бәрі еркін әлемге залал келтіреді деді.

"Күрес тек украиналықтардың қауіпсіздігі, еркіндігі және өмірі үшін ғана емес" деді ол ағылшын тілінде өкілдер палатасының төрінен сөйлей отырып. "[Бұл күрес] украиндар мен америкалықтарда демократия болар-болмасын шешеді".

Зеленскийге АҚШ туын табыстау сәті. Оның алдында ол конгрессмендерге Украина туын сыйға тартқан.
Зеленскийге АҚШ туын табыстау сәті. Оның алдында ол конгрессмендерге Украина туын сыйға тартқан.

Конгресс пен АҚШ халқына арналған бұл үндеуінде Зеленский Украина жетік заманауи қару көмегімен жеңіске жете алатынын айтып, Украинаның әскери қуаты мықты деген Ресейге 10 ай төтеп бере алғанын еске салды.

"Сіздердің ақшаларыңыз қайырымдылық емес. Бұл ғаламдық қауіпсіздік пен демократияға салынған инвестиция" деді ол.

25 минутқа ұласқан сөзінде Зеленский Украинаның Ресейге қарсы соғысы мен АҚШ әскерінің Екінші дүниежүзілік соғысымен және Ұлыбританияға қарсы тәуелсіздік үшін күресімен салыстырды.

Конгресс осы аптада Украинаға 45 млрд доллар көлемінде көмек көрсетуді қамтитын құжатқа дауыс бермек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG