АТА-АНАНЫҢ ҮМІТІ
Қапшағайда тұратын Гүлмира Омарова «Нұрмұхамед, Нұрәлі, Нұрислам атты үшемді тұңғышынан кейін, тоғыз жыл өткенде жасанды ұрықтандыру әдісі көмегімен көтергенін» айтады. Бірақ балалар «жеті айында шала туған».
- Дәрігерлер маған үш ұрықты да салды. Кейін үшеуінің де дамығанын, біреуін алып тастау керегін айтты. Мен қарсы болып, үшеуін қалдырдым. Осындай балалар табамын деп ойлағаным жоқ, - дейді үшемнің анасы.
Дәрігерлер маған үш ұрықты да салды. Кейін үшеуінің де дамығанын, біреуін алып тастау керегін айтты. Мен қарсы болып, үшеуін қалдырдым. Осындай балалар табамын деп ойлағаным жоқ.
Сәбилердің алғашқыда көру қабілеті нашар болып, ота жасалған. Алты айдан кейін үшеуіне «церебралды сал ауруы» (ДЦП) диагнозы қойылған.
- Маған [жұрт интернетте] жазады, «почему ты их не задушишь?!» деп. Қалай өйтіп жасаймын?! Өзім сұрап алғанмын Алладан, - дейді Гүлмира.
Оның айтуынша, «Қазіргі ең негізгі мақсаттары - күн сайын әр балаға қажетті ем-дом жасап, дәрілерін уақтылы беру». Олар үшемге күн сайын түрлі жаттығу жасатады, аяқ-қолдарына электр стимуляция жасайды. Сондықтан, Гүлмира да, жолдасы да жұмыссыз. Үшемнің әрқайсысына 59 мың теңгеден жәрдемақы төленеді. Бірақ олар бұл қаржының мардымсыз екенін айтады.
- Пенсияларын аламыз. Бірақ біз ай сайын ақылы дәрігерге қараламыз. Таблеткалары өте қымбат. Бір таблетка - 22 мың 500 теңге. Бір айға жетпейді. Екі-үш курс ішуіміз керек. Инелері бар, мануалды терапиясы бар. Оны үшем ауру екен деп ешкім тегін бермейді. Бірақ маған көпшілік алдына шығып көмек сұрау қиын, сұмдық.., - дейді көңілі бұзыла сөйлеген Гүлмира.
ВИДЕО: Сал болып туған үшем
Астанадағы оңалту орталығында ем-дом қабылдағаннан кейін балалар денсаулығы жақсара бастаған. Ата-анасы «осыдан соң жазылып кетеміз деген үміттері оянғанын» айтады. Гүлмира «балаларын Қытайда емдетуді армандайды, алайда оған 100 мың доллардай қаржы қажет». Ол Қытайда емделуді «Қазақстанда ем өте қымбат, ол жақта арзан, әрі инемен емдеудің нағыз мамандары сонда» деп түсіндіреді. Ал Қапшағай қалалық балалар емханасы учаскелік дәрігері Мақпал Қамбарбекова «қанша емдеткенімен, диагноз қалады, бірақ тәжірибеде жазылып кеткен балалар да бар» дейді.
Нұрмұхамед, Нұрәлі мен Нұрисламның дертіне қатысты мәліметтер Instagram желісінде Гүлмира ашқан troinia_pomosh парақшасында жазылған. Оны оқыған жұрт балалардың еміне ақша аударып жатыр. Гүлмираның сөзінше, «әзірге төрт миллион теңгеге жуық жылу жиналған».
КЛИНИКА МЕН ДЕПАРТАМЕНТ ЖАУАБЫ
Гүлмираны босандырған «Ана мен бала денсаулығын қорғау республикалық ғылыми-зерттеу орталығының» бөлім меңгерушісі Нұржамал Қырғызбайқызы:
- Үшемнің сал боп тууына жасанды ұрықтандырудың қатысы жоқ, - дейді.
Оның сөзіне қарағанда, «олардың шала тууына анасының денсаулығындағы қандай да бір кінәрат себеп болуы мүмкін».
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің Азаттықа берген мәліметтеріне қарағанда, «әлемде үшемдер арасында сал ауруына ұшырау оқиғасы бір ұрықты босануға қарағанда төрт есе жиі кездеседі». Алайда Гүлмира «мұны білмеген».
Азаттық тілшісі Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа үшем Нұрмұхамед, Нұрәлі және Нұрислам Мәдібаевтардың ДЦП диагнозымен туғанын хабарлап, министрден мемлекет қандай жәрдем көрсете алатынын сұраған еді. Ол хатқа медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директоры А. Төлеғалиеваның атынан жазбаша жауап келді.
Жауапта Қазақстанда сал ауруына шалдыққан балаларға көмек тегін медициналық жәрдемнің кепілдік берілген көлемінде және дәрігердің тегін рецепт босатуымен жүзеге асырылатыны жазылған. Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті «стационарлық емнің арнайы медициналық көмегі балаларға – 119 мың 747 теңге, ересектер үшін 99 мың 889 теңге көлемінде жасалатынын, республиканың медициналық ұйымдарында тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде оңалту қызметтеріне: «Бурабай» республикалық оңалту орталығында емделуге - 445 мың 199 теңге (балалар үшін), 128 мың 333 теңге (ересектер үшін); ұлттық балалар оңалту орталығы «UMC» корпоративтік қоры филиалында ем қабылдауға 466 мың 144 теңге; Қызылорда «UMC» қоры филиалында емделуге 224 мың 826 теңге; «Балбұлақ» балалар оңалту орталығында ем шаралар жасатуға 297 мың 988 теңге республикалық бюджет есебінен төленеді» деп жазады.
ҚОҒАМДЫҚ БЕЛСЕНДІ ПІКІРІ
Денсаулық саласы проблемаларымен айналысатын «Аман-саулық» қоғамдық қоры төрайымы Бақыт Түменова «Қазақстанда сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуде бірқатар қиындықтар» бар екенін айтады.
- Алматы мен Астанадағы оңалту орталықтарына кезек күту өте көп уақыт алады, адамдар кезекте жылдап тұрады. Ол жерде массаж да бар, ине терапиясы, емдеу гимнастикасы, неше түрлі методикалар бар. Спастиканы басатын костюм кигізеді, судағы массаж... ондай жақсы орталық Астанада бар. Қазақстанда мұндай орталықтар жетіспейді. Аймақ тұрғындары үшін қол жетерлік емес. Бізге «Балбұлаққа» немесе Астанадағы орталыққа кезекке тұрғаныма бірнеше жыл болды, әлі шақырмай жатыр деген арыздар көп түседі. Осы мәселені шешу керек, яғни, оңалтуды қол жетерлік етіп жасау керек, - дейді ол.
Бақыт Түменова бұл тараптағы тағы бір үлкен проблема ретінде мемлекет төлейтін жәрдемақының аздығын атайды.
- Екіншіден, ДЦП-мен ауырған баланы қарау керек. Ата-анаға медициналық көмекті өздері үйреніп алуы керек болады. Балаларды ата-ана өздері оқытады. Мұның бәрі шаруа. Баласы ДЦП-ға шалдыққан адам жұмыс істей алмайды. Сондықтан оған жәрдемақы керек. Бізге көбінесе жәрдемақы аздығын айтып шағымданады, - дейді маман.
«Шетелде емделгісі келетін ата-ана қаржы жағынан мүмкіндігі болса, барып емделгені жөн» деген Түменова «денсаулық сақтау министрлігі шетелден мамандар әкеліп, дәрігерлерді үйретіп жатқанын, шетелге барамыз деп алданып қалған ата-аналардың да болғанын» ескертеді.
Ал медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті «оңалту орталықтарында ем алу кезегінің уақыты қанша?» деген сұраққа «Қазақстанда 52 оңалту орталығы бар, облыстық орталықтарға жылына бір рет емделуге жолдама беру қарастырылған» деп жауап берген. Департамент «қажеттілікке байланысты оңалту орталықтарын кеңейту» жоспарланғанын да хабарлайды. Статистикалық деректер бойынша, 2015 жылы Қазақстанда ДЦП-мен ауыратын 13 мың 238 бала тіркелсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 14 мың 927 болған.
Жыл сайын мамырдың 5-і күні Мүгедектер құқығы үшін күрестің халықаралық күні аталып өтеді.