Таяуда ұшуы жоспарланған қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовтің сапарының шығынын толықтай Қазақстан төлейді. Бұл туралы бүгін Азаттыққа «Қазғарыш» ұлттық ғарыш комитеті төрағасының орынбасары Еркін Шаймағамбетов айтты.
Шаймағамбетовтың сөзінше, Қазақстан шығын көлемін ең аз мөлшерде төлемекші.
- Ресей сұрап отырған шығын көлемі 20 миллион АҚШ доллары. Бұл шығын республикалық бюджетте қаралмаған. Сондықтан шығынды Қазақстан 2016 жылға дейін өтейді. Бұл туралы Ресеймен арнайы келісім де жасалды. Ғарыштық шығын мәселесі шешіліп жатыр. Қазір «Қазғарыш» қаржы министрлігіне де арнайы ұсыныс жасады. [Шығын] ғарыштық мекемелерді жалға алу қаржысынан да төленеді, - деді Шаймағамбетов.
Бұған дейін Ресейдің "Роскосмос" агенттігі Айдын Айымбетовтің қаржылық себептермен ғарышқа сапарлаудан бас тартқан ағылшын әншісі Сара Брайтманның орнына ұшатынын хабарлаған. Әншінің әуелгі шығын көлемі шамамен 50 миллион доллар деп жоспарланған еді.
Ресей тарабы ұзақ уақыт ғарышқа ұшу жоспарын кейінге қалдырып келген Айымбетовтің енді ғарыш турисінің орнына ұшатын болғаны оның кәсіби миссиясына қатысты түрлі сауал тудырған. "Қазғарыш" төрағасының орынбасары Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Айымбетовтың ғарыш сапары кезінде атқаратын негізгі қызметін де айтты.
- Айымбетов ғарышта Арал теңізінің ластануын, Қаспий теңізінің мұнай өндірісі кезіндегі ластануын зерттейді. Айымбетов ғарышта Астанада өтетін ЕХРО мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильмге арнап видеожолдау түсіреді, - деді Шаймағамбетов.
"Қазғарыштың" жоспарлауынша, Айдын Айымбетов биылғы қыркүйектің 2-сі күні Астана уақыты бойынша сағат 10.30-да ғарышқа аттанады.
Биылғы шілденің 3-і күні Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин арасындағы келісім бойынша қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовтің Халықаралық ғарыш станциясына ұшыруды мақұлдаған. Ал шілденің 20-сы күні Айымбетовтің сапардағы қызметі өзгеріп, оның мәртебесі ғарыштық сапарға жай ғана "қатысушы" емес, "№2 бортинженер" болып өзгерген.
Ғарышқа ұшудан үмітті екі қазақстандық – Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов 2007 жылы Ресейдің Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығында дайындығын аяқтаған. Екеуінің бірі 2009 жылы күзде халықаралық экипаж құрамында ғарышқа ұшуға тиіс еді. Бірақ Қазақстан жағы қаржы тапшылығына байланысты ғарышкер ұшыруды кейінге қалдырған.
2012 жылы Ресей азаматттығын қабылдаған Мұхтар Аймахановты былтыр «Роскосмос» ресейлік ғарышкерлер тобына енгізген болатын.