Accessibility links

“Көшпенді” көркем фильміне Қазақстан бюджетінен 30 млн. доллар қаржы бөлінді


Абылай хан туралы “Көшпенді” көркем фильмінің сценарийін ресейлік киногер әрі сценарийші жазса, фильмді – белгісіз АҚШ кинорежиссері түсіреді. Оған Қазақстан бюджетінен 30 млн. доллар қаржы бөлінді.

Р.НҰҒМАНОВ: Мен “Көшпенді” фильмін АҚШ кинокомпаниясының түсіруіне асқан сақтықпен қараймын, тіпті сенімсіздікпен қабылдаймын. Өйткені, біріншіден, АҚШ жағынан қандай кинокомпанияның немесе продюсердің оған келісіп отырғаны беймәлім. Бірақ Голливудтың ол фильмге тиіп-қашты қатысы жоқтығын мен жақсы білемін. Ол – АҚШ-тағы тәуелсіз кинопродюсердің бірі болуы әбден ықтимал. Өйткені Голливуд –50-60 млн доллардан арзан фильмнің жобасына тіпті назар аудармайды да...

Қазақстаннан таяуда ғана келіп жеткен бір ақпарға сәйкес, ресейлік белгілі кинорежиссер әрі сценарийші Рустамбек Ибрагимбеков пен АҚШ-тағы бір кинокомпанияның бірлесіп “Номад” немесе “Көшпенді” деген атаумен фильм түсіруі жоспарлануда. Оны жүзеге асыруға Қазақстан бюджетінен 30 млн. доллар қаржы бөлу қарастырылған көрінеді. Бірақ ол көркем фильмнің қашан түсіріліп болатыны, басты және қосалқы рөлдерге қандай киножұлдыздарының шақырылатыны жөнінде әзірше ешқандай мәлімет жоқ.

“Көшпенді” фильмі, оның ресми хабарда келтірілген желісіне қарағанда, қазақтың үш жүзінің басын біріктіріп, жоңғар шапқыншылығына тойтарыс берген қаһарман хан Абылай жайында болатын тәрізді. Осы жерде ерекше назар аудара кеткен дұрыс болар: Абылай ханның тарихи тұлғасы жайындағы аталған фильмнің тағдыры өте ауыр болды. Олай дейтін себеп: оның тұлғасын көгілдір экранға шығару мәселесі алғаш рет сонау 1995/96-ыншы жылдары күн тәртібіне қойылған болатын. Фильмнің үздік сценарийін жазуға кезінде республикалық байқау да жарияланды. 1998-1999-ыншы жылдардың бірінде осы мақсатқа бюджеттен тіпті 60 млн теңге қаржы да бөлініп, өкініштісі – ол қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің азуында кетіп ұшты-күйлі жоғалды. Парламент депутаттары ол қаржының жоғалған ізіне түсіп таба алмай, талай рет әуре-сарсаңға түсті. Тіпті болмаған соң, осыдан 2 жылдай бұрын қазақ ханы – Абылай туралы фильмнің сценарийін ресейлік кинорежиссер әрі сценарийші Рустамбек Ибрагимбековке жүктеу керек деп ұйғарылды. Соңғы ақпарға қарағанда, сценарий дайын болған сияқты. Ол сценарий бойынша фильмді түсіру – енді америкалық бір кинокомпанияға жүктелейін деп отыр. Ал халықаралық талай-талай кинофестивальде мәртебелі сыйлықтарға ие болып, кең танылған қазақ киногерлері оған қалай қарайды? Осы жерде сөз кезегін белгілі қазақ кинорежиссері, қазір Франсияда тұратын Рашид Нұғмановқа берілді.

С.Ақ.: Рашид, Абылай хан жайындағы “Көшпенді” фильмін АҚШ-тағы бір белгісіз кинокомпанияға түсірту жоспарланып отыр, содан Сіздің хабарыңыз бар ма? Соған Сіз қалай қарайсыз?

Р.Н.: Мен “Номад” фильмінің АҚШ кинокомпаниясының түсіруіне берілуіне асқан сақтықпен қараймын, тіпті сенімсіздікпен қабылдаймын. Өйткені, біріншіден, АҚШ жағынан қандай кинокомпанияның немесе продюсердің оған келісіп отырғаны беймәлім. Бірақ Голливудтың ол фильмге тиіп-қашты қатысы жоқтығын мен жақсы білемін. Ол – АҚШ-тағы тәуелсіз кинопродюсерлердің бірі болуы әбден ықтимал. Өйткені Голливуд 50-60 млн. доллардан арзан тұратын фильмнің жобасына тіпті назар аудармайды да.

“Голливуд” дегеніміз - өте ірі киножобаларды жүзеге асыратын 7 кинокомпания, қалған компаниялардың барлығы – тәуелсіз кино. Екіншіден – менің білетінім, “Көшпенді” фильмінің қаржылай шығынын Қазақстан көтереді. Бірақ оған шетелдерден қаржылай демеуші табыла қояды дегенге мен сенбеймін. Өйткені, оған жұмсалатын қыруар қаржыны қайтарып алудың жолы тіпті қарастырылмаған.

“Көшпенді” фильмі – менің ойымша саяси үгіт-насихат үшін түсірілмек. Сондықтан да киногерлердің алдына оған жұмасалған қаржыны қайтару мақсаты қойылмаған. Мен ол фильмді түсіруге нақты қанша қаржы, 30 немесе 60 млн. доллар қаржы бөлінгенін мен білмеймін. Бірақ ондай қыруар қаржыны бір емес, бірнеше көркем фильм түсіруге, сериялы фильмдер түсіру жүйесін қалпына келтіруге жұмсар едім. Жарты млн. долларға да жақсы кино түсіруге болады. 30 немесе 60 млн доллар тұратын фильмнің орнына, көп болса жарты млн. тұратын фильмдер түсіріп, киностудиядағы халықты жұмыспен қамтуға, тарыдай шашылып кеткен мамандардың басын киностудияға қайта жинауға мүмкіндік беретін еді. Киностудиядағы мамандарды ең болмағанда алдағы 3-4 жылға тұрақты жұмыспен қамтуға болатын-ды. Ал тұрақты жұмыс – киногерлердің кәсіби деңгейін жетілдіре түсетін еді. Міне осылай істелсе, қазақ киносы үшін әлдеқайда пайдалы болар еді.

Қолына тиген болар-болмас тиін-тебенге осы күні түсіріп жатқан санаулы фильмдерімен-ақ қазіргі қазақ жігіттерінің басым көпшілігі мәртебелі халықаралық кинофестивальдерде үлкен сыйлықтар алуда, оларды бүкіл әлем таниды. Міне сол жігіттерді қолдау керек. Мен болсам, әлгі қыруар қаржыны сондай дарынды жігіттерді, ұлттық киноөнеркәсібін көтеруге жұмсар едім.

С.Ақ.: Рашид, бізге жеткен ақпарға сәйкес, “Көшпенді” фильмін түсіруге Қазақстан бюджетінен 30 млн доллар қаржы бөлінген.

Р.Н.: Ол барып тұрған бассыздық, нағыз ысырапшылдық!

С.Ақ.: Рашид, енді өзіңізге келсек, Сіз кинорежиссураға қайта оралуды жоспарлап жүрген жоқсыз ба? Қазақстанда қалған әріптестеріңізбен байланысыңыз қалай?

Р.Н.: Менің Қазақстандағы әріптестеріммен арадағы байланысым тым сиреп кетті. Анда-санда ғана хабарласып тұрамыз. Өйткені мен қазір бірыңғай саясатқа ауыстым. Содан уақытым жоқ. Ал кино түсірумен шұғылдану үшін – оған тәулігіне 24 сағат уақытыңды арнауың керек. Әйтпесе жақсы көркем фильм түсіру мүмкін емес. Ал саясатты тастап, қайтадан киноға оралу – осы күні жүзеге асырамыз деп арпалысып жүрген идеяны сатып кету деген сөз. Өзіңіз білесіз ғой, Қазақстанда осы идея үшін көп адам жапа шегуде.

Мен қазір саясаттан кетсем, ол адамгершілік болмас еді. Содан кейін өзім де киноға қайтып оралғым жоқ. Саясатпен шұғылдануды өзімнің борышым деп қана санамаймын. Өз қандастарымның ар-намысы мен құқы үшін күрес – мен үшін үлкен жауапкершілік.
XS
SM
MD
LG