Қазақстан биыл Германияға тасымалдайтын мұнай көлемін 1,4 млн тоннаға жеткізуі мүмкін

Қазақстан 2024 жылдың соңына дейін Германияға "Достық" құбыры арқылы тасымалдайтын мұнай көлемін 1,4 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл жөнінде Қазақстан энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан билігі бұған дейін биыл Германияға 1,2 млн тонна мұнай тасымалдайтынын айтқан еді. Алайда ведомствоның мәліметінше, бұл көлем алғашқы он айдың ішінде жеткізіліп қойған, сондықтан да жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1,4 млн тоннаға дейін барады.

"Мұндай нәтиже қазақстандық мұнай секторының тұрақтылығын көрсетіп, Германиямен энергетика саласында стратегиялық ынтымақтастықты дәлелдей түседі"деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Дегенмен 22 қарашада "Қазмұнайгаз" басшысы Асхат Хасенов жыл соңына дейін көрсеткішті 1,3-1,35 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. 2025 жылы Қазақстан Германияға бастапқыда жоспарлағандай 1.2 млн тонна мұнай жеткізбек.

Қазақстан Германияға ресейлік "Достық" құбыры арқылы мұнай тасымалдайды.

Былтыр Қазақстан осы құбыр арқылы Германияға 993 мың тонна мұнай жеткізген.

Соғыс басталғаннан кейін Еуроодақ Ресей мұнайы мен мұнай өнімдерін импорттауды қысқартқан. Атап айтқанда, 2022 жылы маусымда ЕО Германия мен Польшаға "Достық" құбырының солтүстік тармағы арқылы тасымалданатын мұнайдан бас тартқан. Дегенмен Берлин аталған тармақ арқылы үшінші елдерден мұнай тасымалдау мүмкіндігінен бас тартпаған.