Путин: Ресей "Орешник" ракетасын көбірек шығару қажет деп шешті

Ресей президенті Владимир Путин қорғаныс жетекшілерімен кездесу кезінде. Мәскеу, 22 қараша 2024 жыл.

Мәскеу орта қашықтыққа ұшатын баллистикалық "Орешник" ракета өндірісін арттыру туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде Ресей президенті Владимир Путин қорғаныс министрлігі басшылары және әскери-өнеркәсіп кешен өкілдерімен Кремльде кездесу кезінде мәлімдеді.

Ракетаның мұндай түрін Ресей әскері алғаш рет 21 қарашада Украинаға қарсы қолданған.

Стратегиялық зымыран күштерінің қолбасшысы Сергей Каракаев "Орешникті" қару қатарына қосуды ұсынып еді, Путин "өзі де солай жасаймыз" деді. Каракаев "Орешник" Еуропаның түкпір-түкпіріндегі нысаналарды жоя алады деп мәлімдеді.

"Жаңа жүйені сынақтан өткізуді жалғастыра береміз. Өндірісті арттыруды дұрыс жолға қою керек" деді Путин.

Оның сөзінше, Ресейде "Орешниктен" бөлек, соған ұқсас тағы бірнеше жүйені құрастыру жұмыстары жүріп жатыр.

Путиннің сөзінше, жаңа ракета – дәлдігі жоғары қару болғанмен жаппай қырып-жоятын құрал емес.

Ресей әскері "Орешник" ракетасын Украинаның Днепр қаласына соққы жасауға пайдаланған. Украинаның бас барлау басқармасының мәліметінше, ракета мобильді "Кедр" ракета кешенінің құрамына енген болуы мүмкін.

Олардың мәліметінше, Астрахань облысынан ұшырылған "Орешник" 15 минуттың ішінде Днепрдегі нысанаға жеткен. Ракетаның алты бөлігі бар, әрқайсысы қосымша оқ-дәрімен жабдықталған.

Украина билігі әуелі соққы құрлықаралық баллистикалық ракетамен жасалған болуы мүмкін деген, алайда Батыстағы дереккөздер мұны жоққа шығарған. Ақыры сарапшылар орташа қашықтықтағы ракета деген қорытындыға келген.

АҚШ және одақтастары Ресейдің жаңа қару түрімен Днепрге соққы жасауын айыптады. Мәскеу бұл "Украинаның батыс қаруымен Ресейге соққы жасауына жауап" деп мәлімдеді.

26 қарашада Брюссельде Украинаның бастамасы бойынша "Украина – НАТО кеңесі" отырысы өтеді. Онда Ресейдің "Орешник" ракетасымен Днепрге соққы жасау талқыланады