1991 жылы қазан айында Қазақ ССР журналистер одағының құрылтайы өткен. Бұл – елдегі журналистер одағының СССР кезіндегі соңғы басқосуы болды. Содан екі ай өтер-өтпесте Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған. Ал СССР журналистер одағы осы аралықта конфедерация болып қайта құрылған еді.
Азаттық радиосы сол кезде Алматыдағы құрылтайдан репортаж жасап, жекелеген журналистерден сұхбат алған. Азаттық сол кезде сұхбаттасқан журналист Қайнар Олжайды 33 жылдан соң тағы да сөзге тарттық. Бұл туралы Азаттық радиосының әр жылдарғы маңызды хабарына арналған шолу – "Азаттық толқынында" подкасында айтамыз. Сөз тәуелсіздік қарсаңындағы советтік журналистиканың ахуалы жайында болып отыр.
Your browser doesn’t support HTML5
"ЕРКІН, ТӘУЕЛСІЗ ГАЗЕТ"
Тәуелсіз басылымдары жоқ, сөз еркіндігі шектелген совет қоғамында бүкіл БАҚ комммунистік партияның бақылауында болды. Советтік қырағылық дәуірлеген тұста қатаң цензура баспа пен басылым атаулыны қалт жібермей бақылап отырды. Алматыда 1991 жылғы 19 қазанда Қазақ ССР журналистер одағының соңғы құрылтайы өткен тұста компартия тарап, мемлекет қаржыландырып келген газет-журналдар мерзімділігі жағынан дағдарысқа тап болған еді. Қағаз қымбаттап, баспахана шығыны да өсе бастаған.
Азаттық радиосы 1991 жылғы 19 қазандағы хабарында Қазақстан журналистер одағының құрылтайы Ғылым академиясы ғимаратында өтіп жатқанын хабарлаған. Радионың Қазақстандағы тілшісі Қиял Сабдалин "Жас Алаш" газетінің сол кездегі редакторы Уәлихан Қалижанды сөзге тартқан. Ол өзі басқаратын газетті "тәуелсіз басылым" ретінде атайды.
"Бүгінгі құрылтайда біз бес жылдан бері не істедік, не қойдық, не нәтижеге жеттік деген сауалдарға жауап айтылуы керек еді. Баяндамада біраз жай айтылғанымен, қазақ журналистикасының бағыт-бағдары, не бітірді, не қойдық дегенге өз басым жауап ала алмадым", – деген Уәлихан Қалижан жиында жекелеген газеттердің мәселесі айтылғанымен, ортақ жетістік, кемшілік айтылмады деп қынжылған. Айтуынша, бұл кезде қағаз қымбаттап, мемлекеттің басылымдарға қамқорлығы бұрынғы қалпынан өзгерген.
"Газет-журналдар бағасының қымбаттауы – оқырманмен арадағы дәнекерге кері әсер етеді. Кешегі "Лениншіл жас" – бүгінгі "Жас Алаш" газеті оқырманы ең көп басылым еді. Ал бүгінгі күнге дейін газетке 50 мың ғана оқырман жазылып отыр", – деп шағынған Уәлихан Қалижан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қызыл түстен - көк түскеОқырманының дені ауыл адамдары екенін айтқан бас редактор газеттің қоғамдағы маңызды тақырыптарға назар аударып отырғанын айтқан. Сондайда журналист сол күндері Алматыда "аштық келе жатыр" деген алыпқашпа сөз тарап, нан тапшылығы белең алғанын сөз еткен. "Газет өмірге жақын болуы керек" деген Уәлихан Қалижан шын мәнінде нан тапшылығы қолдан жасалып отырғанына меңзеген.
"Жас Алаш" газетінің редакторы осы басылымда жұмыс істейтін журналистердің әлеуметтік ахуалы туралы да айтқан.
"Бұрын газеттің тапқан табысы баспаханаға түсетін де, баспахана арқылы журналистерге үй берілетін. Қазір партияның тарауына байланысты не істерімізді білмей отырмыз. Сондықтан біз коммерциялық бөлім ашып отырмыз. Бізге енді ешкім көмек беріп жатқан жоқ. Еркін, тәуелсіз газеттің көретін күні осы ғой", – деген Уәлихан Қалижан.
1959 жылғы қарашаның 12-14 күндері аралығында елде журналистердің тұңғыш құрылтайы өтіп, Қазақ ССР журналистер одағы құрылған-ды. Совет кезінде компартия мен идеологияның құралы болған ұйым тәуелсіздіктен кейін, 2001 жылы қайта тіркеуден өтті.
АҚПАРАТ МИНИСТРІ АЙТҚАН СӨЗ
Қазақстанда Совет одағы кезінде жеке ақпарат министрлігі болған жоқ. 1991 жылы тамыз айында құрылған жаңа мекеме – баспасөз және ақпарат министрлігіне басшы болып Қуаныш Сұлтанов тағайындалған. 1991 жылғы 16 қазанда "Огни Алатау" газетіне берген сұхбатында ол жергілікті теледидар хабарларын сынап, Азаттық радиосының жылдам хабар таратуын үлгі еткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаттықты қаралайтын пьеса, газетке – мақала. Назарбаев сайлауына жалғасқан советтік пропаганда1991 жылғы 19 қазандағы Қазақстан Журналистер одағы жиынында сөйлеген Қуаныш Сұлтановтың не айтқанын Азаттық тілшісі Қиял Сабдалин өз репортажында баяндап берген.
"Министр сөзінде үлкен баспасөз орталығы құрылатынын, онда шетелдік журналистердің аккредитациядан өтіп, жұмыс жасауына жағдай жасалатынын мәлім етті", – деген Азаттық тілшісі. Айтуынша, Қуаныш Сұлтанов Мәскеуде шығатын орталық басылымдардың Қазақстан туралы мақалаларына да тоқталған. Мәскеулік басылымдар президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Байқоңыр ғарыш айлағы мен елдегі ядролық қаруға Қазақстанның өзі иелік етуі керек деген сарындағы сөздерін сынап жазған. Ақпарат министрі бұған қазақ тілінде шығатын БАҚ "тойтарыс беріп отырғанын", ал Қазақстанда орыс тілінде шығатын басылымдар "сүлесоқтық танытып" отырғанын сынға алған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға сапарлаған алғашқы шетелдік ресми қонақ және Назарбаевтың ядролық қарудан бас тартпаған кезіЖурналистер құрылтайында Азаттық радиосы "Егеменді Қазақстан" газетінің тілшісі Қайнар Олжайдан да сұхбат алған. Сол кездегі советтік журналистік ұйымда қалыптасқан ахуал мен Қазақстандағы қостілді ақпарат құралдары арасындағы алуандық әңгімеге арқау болған.
"ҚАЗАҚСТАН ЕГЕМЕНДІГІНІҢ КӨРІНІСІ"
Қазақстан тәуелсіздік жарияламай тұрып, елдегі негізгі газеттер өз атауын өзгерте бастаған еді.
"Лениншіл жас" басылымы "Жас алаш" болып үлгерсе, "Социалистік Қазақстан" газеті "Егеменді Қазақстан" атауымен шығып жатқан. Бұл газетті әуелде "Азат Қазақстан" деп атау ұсынылған. Ол ұсыныс туралы алдағы уақытта кеңірек айтылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Азаттық әлі керек". Радионың Алматы бюросы қалай ашылды?Осы құрылтай кезінде "Егеменді Қазақстан" газетінің қызметкері Қайнар Олжайды СССР журналистер одағы басқармасы арнайы сыйлықпен марапаттағаны айтылған. Ол кезде СССР журналистер одағы конфедерация болып қайта құрылған еді.
Қайнар Олжай Азаттыққа берген сұхбатында "Мәскеу бекітетін бұл сыйлықтың қазақ журналистерінің маңдайына көптен бері бұйырмай келе жатқанын" айтқан. Ол өзіне сыйлық берілгенін "Қазақстан егемендігінің көрінісі" деп сипаттаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақтың арманын көрсеткен құжат". Егемендік декларациясы қалай қабылданды?Қайнар Олжай Қазақстанда орыс тілінде шығатын басылымдардың Мәскеудің сойылын соғатынын сынап, журналистер одағы жиынында бұл туралы да сөз болғанын айтқан. Ол Мәскеудегі СССР журналистер одағы конфедерация болып қайта құрылғаны республикалардағы журналистер одағына тиімді деп есептейді.
"Біздің журналистер одағының еркін қимылдауына конфедерация бөгет жасай алмайды. Қазақстан журналистер одағының басқа елдердің БАҚ-ымен байланысуына кедергі жоқ. Тек біздің журналистер одағы басшылығының еркін ойлауы, батыл қимылдауы керек", – деді Қайнар Олжай.
Ал Қазақстан журналистар одағының сол кездегі басшысы, "Ақиқат" (бұрынғы "Қазақстан коммунисі") журналының бас редакторы Камал Смайлов не дейді, еркін ойлап, батыл қимылдай ала ма?
Ол Азаттыққа сұхбатында қағаз бағасы, қатынас, тасымал ақысы көтерілуіне байланысты газет-журнал бағасы да өзгергенін айтады. Камал Смайылов сол кезде мемлекет бюджетінің де қиын жағдайда қалып отырғанын айтып, демеушілер қажеттігіне тоқталған. Журналистер одағы алдағы уақытта түрлі тапсырыстар қабылдап күн көруі мүмкін деген ол қағаз тапшылығын сол кездегі негізгі түйткіл деп атаған. Журналистер одағының басшысы осы ұйымның журналистерге моральдық қолдау көрсетуі қажет екенін айтқан. Камал Смайылов "кейбіреулер журналистерге қарсы шығып, кейбір талаптар қойып, журналистер жауапқа тартылып" жатқаны жайында жалпылама сөйлеген.
ПРЕЗИДЕНТТІ САЙЛАУ МА, НАЗАРБАЕВТЫ САЙЛАУ МА?
Осы кезде Қазақстанда тұңғыш рет жалпыхалықтық төте дауыс беру жолымен президент сайлау күні белгіленіп, оған ресми тіркелген жалғыз кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды науқаны басталып кеткен еді.
Бір қызығы – Қазақстан журналистер одағының құрылтайында совет кезіндегідей үндеу жарияланып, осы сайлауға жұмылу туралы да айтылған. Бұл туралы сол кезде Азаттыққа Журналистер одағының төрағасы Камал Смайылов айтып берген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев жалғыз түскен сайлау туралы заң тәуелсіздік жариялардан екі ай бұрын қабылдандыҚазақстан журналистер одағының жетекшісі Смаилов сайлауға жалғыз түсіп жатқан Назарбаевтың президент болып сайланатынына шүбә келтірмейді.
"Шынында да бұл үлкен науқан, үлкен оқиға. Президент сайланады, оған ешқандай күмән жоқ", – деген ол халықты сайлауға жұмылдыру туралы айтқан. Смаилов экономикалық тығырықтан шығу мен елдегі татулықты осы сайлаумен байланыстырған.
"Бүгін біз съездің атынан Қазақстан журналистеріне арнап бірігіп жұмыс істейік деп үндеу қабылдадық. Нұрсұлтан Әбішұлының өз беделі өзіне жетіп жатыр. Халықаралық деңгейде беделі, ел ішіндегі басқа халықтар алдындағы беделі өте жоғары. Олар бұл кісінің саясатын қолдайды. Ертең дауыс бергенде де қолдайды деп ойлаймыз. Журналистер осы бағытта көп жұмыс істей алады. Сайлау кезінде дауыс берушілерді бағыттайтын – осы журналистер. Бұл халқымыздың тағдырына қатысты мәселе", – деген Камал Смайылов 1991 жылғы ел тарихындағы тұңғыш жалпыхалықтық президент сайлау алдындағы жағдайға меңзеп.
"ОДАҚ МИНИСТРІ ЯЗОВ ӨЗІН СЫНАҒАН ХАТҚА ЖАУАП БЕРДІ"
Қазақстан журналистер одағының осы құрылтайы өткеннен бері 33 жыл өтті. Сол кезде Азаттық радиосына сұхбат берген, кейін де ресми басылымдар мен телеарналарда жетекші қызмет атқарған журналист Қайнар Олжайды тағы да сұхбатқа тарттық. Кешегі ахуал мен бүгінгі сипатты салыстыруға тырыстық.
"Ресми газетте қызмет атқардық. Сонда біз Егемендік декларациясына қатты қуандық. Сол кезде Кеңес одағының тарайтыны біртіндеп көзге көрініп келе жатты. Шыны керек, сол кезде республиканың үлкен басшылығы одақтың тарқауына құлықты болған жоқ. Сондайда егемендіктің өзі белгілі бір дәрежеде сый болып көрінді. Біз "Егеменді Қазақстанда" сол егемендіктің жырын жырладық", – деді Қайнар Олжай Азаттыққа.
Ол сол кезде пайда болған түрлі қозғалыстар тәуелсіздік туралы айта бастағанын, ал егемендік мәртебесі Қазақстандағы өндіріс пен экономикаға еркін қимылдауға мүмкін бергенін айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан тәуелсіздігін жарияласын деп талап қойғандар неге қудалауға түсті?"Қорғаныс өнеркәсібінен басқа өндіріс бұрынғыдай Мәскеуге емес, республикаға қарайтын болды. Бұрын соның бәрінің табысы одақтағы 15 республикаға теңдей бөлініп берілетін. Барлығы болмаса да, Қарағанды көмір бірлестігі және Жезқазған түсті металл бірлестігі деген өндіріс орындарына Қазақстан өзі иелік ете бастаған еді", – деді Қайнар Олжай Егемендік декларациясынан кейінгі жағдайға меңзеп.
"Сол кездегі сөз бостандығы, ой еркіндігін қалай бағалаған болар едіңіз?" деген сұраққа ол "қазіргіге қарағанда анағұрлым жақсы болды" деп жауап берді.
– Шын мәнінде 1990 жылдан бастап орталықты ескермейтін болдық. Мысалы, мен өзім бір мақалада сол кездегі одақтың қорғаныс министрі Дмитрий Язовтың атына сын айтқан едім. Кейін министрден "осындай кемшіліктер болды, ескереміз" деген хат келді. Оған дейін одақтың министрлері бізге мұрнын шүйіре қарап келген, – деді Қайнар Олжай.
Ол сол кездегі баспасөз сыны өткір болды есептейді. Қайнар Олжай кейін өзі қызмет атқарған, Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева басқарған "Хабар" арнасында да үкімет басшысы, вице-премьерлерді сынға алып жататынын айтады.
– Қазір республикалық газеттерді қара, телеарналарды қара, ешқайсысында премьер-министрдің, үкіметтің атына сын жоқ. Сол кездегі газеттерді ашып қарасаңыз, кез-келген министрді, министрліктерді оп-оңай сынай алатынбыз, – дейді Қайнар Олжай.
Ол қазір ресми БАҚ-тың билікті сынамайтынын басылымдар алатын мемлекеттік тапсырыспен байланыстырады. "Бұл – билікті сынамасын деген ұзақ жылға межеленген саясат", – деді журналист.
Қазақстанда жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық тапсырыс жариялауға бюджеттен ондаған миллиард теңге жұмсалады. Осыдан оншақты жыл бұрын, сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында қолданысқа енген бұл үрдіс әлі күнге жалғасып келеді. Қоғамдық ұйымдар мемлекет елдегі БАҚ-тарға нақты қанша қаржы бөлетіні жөнінде қанша сұрасақ та, үкімет ешқандай ақпарат бермейді деп шағынған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Минуты 200 мың теңге. Мемлекеттік тапсырыс пен "сөз бостандығын өлтіру құны"Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі алғашқы жылдары, демократиялық мемлекет құруға бет алған жұрттың өрекпіген көңілі әлі басылмаған шақта елде пайда болған тәуелсіз БАҚ-тар үкіметтің, президенттің жұмысындағы кемшілігін жасқанбай айтып, сынай алатын. Жұрт назарын жаулап алған басылымдарға оппозициялық саясаткерлер мен тәуелсіз саясаттанушылар ғана емес, билік өкілдері де келіп, көкейкесті сауалдарға жауап беретін. Алайда бұл еркіндік ұзаққа барған жоқ.
Ақпарат алаңын тәуелсіз БАҚ-тан алғашқы үлкен тазарту 1996 жылғы қарашаның басында мемлекеттік емес телеарналар мен радиостанцияларды жаппай жабудан басталды. Кейін олардың кейбірін эфирге қайтарғанымен, олар билікті, әсіресе президент Назарбаев пен оның жақын төңірегін бұрынғыдай сынамайтын болды.
1995 жылы мемлекеттік телеарнаның жаңалықтар қызметінің негізінде жаңадан құрылған "Хабар" агенттігін Дариға Назарбаева басқарды. Осы телеарнада сол заманда қазақ тілінде ең көп тиражбен – 100 мың данамен жарық көрген "Президент пырағы" кітабының авторы Қайнар Олжай да жетекші қызметте болды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жайында қазақ тілінде жазылған алғашқы кітапта президенттің 1991-1993 жылдардағы ресми сапарлары жайындағы репортаждар топтастырылған.
"Хабар" арнасына мемлекет бюджетінен қыруар қаржы бөлініп, аз ғана уақыттың ішінде ақпарат кеңістігінде алдыңғы орынға шықты. Оппозиция мен қоғамдық ұйымдар мемлекет қазынасынан қаржыландырылатын телеарнадан билікке балама көзқарастағы күштерге де ой-пікірін жеткізуге мүмкіндік берілсін деген талапты үкіметке сан мәрте айтқанымен оларды эфирге жолатпады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандағы тәуелсіз телерадиокомпаниялардың қысқа ғұмырыЕл арасында "Хабар" агенттігі Дариға мен күйеуі Рахат Әлиевке тиесілі деген әңгіме айтылғанымен билік тарапы ол сөзді растамады. Тіпті бұрынғы ақпарат министрі, өмірінің соңына қарай оппозицияға қосылған Алтынбек Сәрсенбайұлын "Хабар" агенттігі 2005 жылы "іскерлік беделге нұқсан келтірді" деп сотқа беріп, сот саясаткерге 1 млн. теңге айыппұл салған. Сәрсенбайұлы "Хабар" агенттігіне ел президенті Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның отбасы иелік ететінін айтып, олар елдің ақпарат саласында монополистке айналды деген болатын.
Алтынбек Сәрсенбайұлы екі көмекшісімен бірге қастандықпен өлтірілгеннен кейін көп уақыт өтпей Рахат Әлиев Дариға Назарбаева екеуінің "Хабар" мен КТК арналарында, "Караван" газетінде және Kazakhstan Today ақпарат агенттігінде акциялары барын ашық мойындаған. 2008 жылы наурызды "Хабар" агенттігінің жеке акционерлер қолында болған 49,99 пайыз акциясы бір лотпен 100 миллион доллардан астам ақшаға "Самғау" ұлттық ғылыми техникалық холдингіне сатылғаны туралы ақпарат тарады. Ресми ақпаратта ол акцияны сатқан жеке акционерлердің аты-жөні айтылмады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Хабар» агенттігі акцияларының қалған бөлігін мемлекеттік холдинг 100 млн доллардан астам ақшаға сатып алдыРЕСМИ ГАЗЕТТЕГІ БЕЙРЕСМИ ҰЙЫМДАР ӘРЕКЕТІ
Қайнар Олжай 1990-жылдары ресми басылымдар неформалдар, қоғамдық немесе бейресми ұйымдар акциясы жөнінде де жазып тұрғанын айтты.
– Сол кезде неформалдар бірнеше заңға келіспей аштық жариялап жатты. Ресми газетте соның бәрі көрініс тапты, суреттеріне дейін беретінбіз. Тұрғын үйлерді басып алғандардың жағдайын айтып мен өзім бірнеше репортаж бергем. Қазір сондай билікке қарсы әрекеттердің ешқайсысы ресми газетте хабарланбайды. Мәселен, Жасарал Қуанышәлин тәрізді белсенділердің аштық жариялағанын айтып, палаткаларының суретін жариялап, не үшін аштық жариялағанын жазатын едік. Үй басып алғандардың да себебін айттық, – деді Қайнар Олжай. Ол сол кездегі аса маңызы бар оқиғалардың бірі – Сарыөзекте совет қаруларын жою қалай іске асқаны жөнінде де айтып берді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Баспанасыздарға байқалмаған "Тұрғын үй – 91"Совет одағының жақын және орта қашыққа ұшатын зымырандарын Сарыөзекте жарып жоятын болған кезде Камал Әбдірахманов бастаған белсенділер қарсы болған. Олардың пікірлері де ресми газетте жарияланып отырған.
– Бірақ совет зымырандарын бәрібір Сарыөзекке әкеліп жарды. Газетте айтылған кейбір мәселелер шешілген жоқ. Кейбірі шешілді. Қазақ тіліне қатысты көптеген пікірлер болды. "Қазақ тілі" қоғамы құрылды. Цензураға қарсы шықтық. Бірақ оған қатысты жайларды алып тастады. Кейбір түйткілдер әлі күнге шешілмеді. Ең бастысы – сол кездегі қоғамдық қозғалыстар белсенді болды, ашық қимылдады. Ал қазіргі қоғамдық ұйымдардың ішінде билікті қолдайтындарына мүмкіндік көп, ал билікке қарсы шығатын ұйымдарды жабуға, бірінші кезекте тіркемеуге тырысады, – деді Қайнар Олжай Азаттыққа берген сұхбатында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Компартия монополиясы, бейресми ұйымдарды тұсау және авторитаризмге апарған жолАзаттық радиосы 1991 жылы қазан айында Алматыда өткен советтік Қазақстан журналистер одағының құрылтайы туралы әзірлеген хабарына шолуды подкасымыздан тыңдай аласыз.
"Азаттық толқыны" подкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.