Accessibility links

"Мүгедек баламның құқығын қорғағаным үшін билік қыр соңымнан қалмады". Астанада жаңаөзендік әйелдер пикет өткізді


Ақордаға баруына кедергі жасалғаннан кейін Жаңаөзен тұрғындары жолда пикет өткізуге мәжбүр болды. Астана, 8 желтоқсан 2022 жыл.
Ақордаға баруына кедергі жасалғаннан кейін Жаңаөзен тұрғындары жолда пикет өткізуге мәжбүр болды. Астана, 8 желтоқсан 2022 жыл.

8 желтоқсанда Астанада Жаңаөзеннен келген екі әйел Ақордаға барып, талаптарын жеткізбек болған. Алайда оларды арнайы жасақ бөгеп, екі әйел Ақордаға баратын жолда пикет өткізуге мәжбүр болды.

Жаңаөзен тұрғыны Алмагүл Жаппасова сал ауруына шалдыққан өздігінен жүре алмайтын 1992 жылы туған ұлының құқығын талап еткен кезде жергілікті әкімдік тарабынан қудалауға ұшырағанын айтты. Өзінің сөзінше, ол қыркүйектен бері астанаға бірнеше рет келген. Келген сайын "Жаңаөзен әкімдігі өкілдері астанада күтіп алып, үйіне қайтарып жіберіп отырған".

– Жаңаөзен қаласы әкімі мен оған қарайтын шенеуніктердің әрекетсіздігі мен заңсыздығы үшін келіп тұрмын. Оларды қызметінен босатып, шара қолдануды талап етемін. Бір емес, бірнеше рет қудалап, қорлады. Мен өзім 1992 жылы туған мүмкіндігі шектеулі ұлымның мәселесімен жүрген едім. Мамандардың заңсыздығын көрсеткенмен. Бірақ оларға заңсыздықты қанша көрсетсем де, оларға ешқандай шара қолданбайды. 18 қыркүйекте астанаға осы мақсатпен келген едім. Бірақ мені олар, әкімнің кеңесшісі мен облыс әкімдігінің өкілдері, осы жерден күтіп алып, алып кеткен болатын. 9 қарашада келеңсіздіктерді айту үшін тағы келдік. Ол кезде де алып кетті. Кеше де ұшаққа баратын кезде тоқтатты. Қайда барсам да ізімнен қалмайды" дейді Алмагүл Жаппасова.

Ол бұған кейін жергілікті әкімдік пен облыс прокуратурасына мәселелерін айтып, шағымданғанмен ешқандай нәтиже болмағанын айтты.

Бейсенбі күні Ақорда маңындағы пикетте Жаңаөзеннен келген Күнсұлу Меңдібай да талаптарын айтты. Жұмыстан заңсыз шығарылғанын айтқан ол жергілікті әкімдік жұмыс тауып беруге уәде еткенмен уәдесін орындамағанын айтты.

"Мен жұмыс берушіден еңбек келісімшартын талап еткенмін. Сол үшін мені жұмыстан шығарып жіберді. Ағам мен әкем қайтыс болған. Шешем жалғыз. Ағам ауырған кезде оны емдеу үшін несие алып, қарызға батқанбыз. Шешемнің зейнетақысы сол қарыздарды жабуға кетеді. Қазір кіріс жоқ. Мұнай саласынан жұмыс сұрап келіп отырмын" деді Күнсұлу Меңдібай.

Жаңаөзеннің екі тұрғынының қолында плакаттар да болды. Ары-бері өткен кейбір тұрғындар оларды қолдап "жарайсыңдар, қыздар" деп айғайлады.

Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов Алмагүл Жаппасова мен Күнсұлу Меңдібайдың пикетінен хабардар болып шықты. Ол екі әйел айтқан талаптармен келіспейтінін жеткізіп, наразылардың айтқандарын жоққа шығаруға тырысты. Жаңаөзен әкімі Алмагүл Жаппасованың "әкімдік өкілдері қудалап жатыр" деген сөзін жоққа шығарып, "егер біз қудаласақ, ол Астанаға қалай жетеді?" деді.

"Алмагүл Жаппасованың ұлының мәселесімен әкімдік қызметкерлері айналысып жатыр. Мемлекет тарапынан берілетін тиісті көмектің бәрі беріліп жатыр. Ал Күнсұлу Меңдібайға келсек, ол бізге жұмыс сұрап келген. Біз оған 150-220 мың теңгелік жұмыс ұсындық. Алайда ол одан бас тартты. Мұнай саласы бойынша жұмыс сұрағандардың тізімі бар. Егер біз оған кезексіз жұмыс берсек, қалған жұрт наразы болады ғой" деді ол.

Қазақстан батысындағы Жаңаөзенде ресми мәлімет бойынша, 5,6 мың адам жұмыссыз бар. Ал кейбір дереккөздерде жұмыссыздар саны одан да көп. Жаңаөзен тұрғындары ұзақ уақыттан бері мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беруді талап етіп келеді. Олардың сөзінше, жергілікті әкімдік ұсынған жалақысы аз жұмыстармен бала-шағаны, отбасыны асырау қиын. Ал билік олардың талаптарын "әділетсіз" санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG